21/10/2022
🕌Әрбір адам осы өмірде ізгі іс жасап, сауап алып, ұрпағына, отбасына, әулетіне, тіпті еліне өнегелі із қалдырып кетуге тырысады. Дінімізде үзілмейтін сауаптың бірі – мешіт салу.
🕋Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол үзілмейтін сауап жайлы өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды».
☪️Мешіттің мән-мағынасы «сәжде, құлшылық жасайтын орын» дегенді білдіреді. Ал шариғатымыздағы мәні: Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен. Сонымен қатар, мешіт – көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп қиналып жүрген адамдар демеу көретін қайырымдылық пен ізгіліктің ордасы. Ең бастысы, құлшылық үйінде пенденің жүрегі тыныштық табады.
☪️Ислам дінінде сауабы үзілмейтін ізгі амалдың бірі мешіт салу екенін жоғарыда айттық. Сондықтан Аллаға иман еткен мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт салуға ерекше ден қойған және бұл сауапты істі айрықша ықыласпен орындауға тырысқан. Өйткені, мұсылман қауымын бірлікке үндеп, ізгі істерге ұйытуда мешіттің рөлі ерекше.
📌Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың өмір тарихына қарайтын болсақ, олардың бірінші кезекте қасиетті істі, яғни мешіт салуды қолға алғанын көреміз. Ислам тарихына зер салып қарайтын болсақ, Мекке мүшіріктерінен қысым көріп, Мәдина қаласына қоныс аударуға мәжбүр болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ең әуелі қолға алған қасиетті ісі мешіт салу болған.
📍Мешіт салудың тарихын сөз етер болсақ, жер бетіндегі ең алғашқы мешіт Мекке қаласындағы қасиетті Қағба екені белгілі. Бұл туралы қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Адам баласы үшін (құлшылық жасау үшін жер бетінде) алғаш құрылған үй Меккедегі (Қағба). Ол өте берекелі және бүкіл әлем (адамзат) үшін тура жолдың бастауы» («Әли Имран» сүресі, 96-аят) делінген.