22/01/2026
✅ Алматыда профессор Борис Каральник оқыған ғылыми лекцияға 300-ден астам маман қатысты
21 қаңтарда Алматы қаласында Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының филиалы — Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығында профессор Борис Вольфович Каральник оқыған табиғаттағы және денсаулық сақтау жүйесіндегі инфекциялардың рөлі тақырыбы бойынша ғылыми лекция өткізілді.
Іс-шара офлайн және онлайн форматында ұйымдастырылып, елдің әртүрлі өңірінен жиналған 300-ден астам маманды біріктірді. Тыңдаушылар арасында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, дәрігерлер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар және медициналық жоғары оқу орындарының студенттері болды.
Профессор Борис Вольфович Каральник иммунология және вакцинология саласындағы жетекші ғалымдардың бірі, 67 жылдан астам уақытын Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арнаған. Осы уақыт ішінде профессор 60-тан астам ғылыми еңбек жариялап, 50 өнертабысқа авторлық құқыққа ие болып, 13 ғылым докторы мен 36 кандидатын даярлады, иммунодиагностика зертханасын басқарды және бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Борис Вольфович Каральник мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие, оның ішінде «Құрмет белгісі» ордені, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» атақтары, сондай-ақ «Ветеран труда» және «Еңбек ардагері» медальдары бар.
Лекция кезінде инфекциялық процестің негізгі аспектілері, инфекциялардың халық денсаулығына әсері, сондай-ақ денсаулық сақтауда басқарушылық шешімдер қабылдаудағы ғылыми деректер мен пәнаралық тәсілдің рөлі қаралды.
«Бұл тек лекция ғана емес, инфекциялық қауіпсіздік пен денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы тәсілдерді қалыптастыратын ғылыми және практикалық тәжірибе беру», — деп атап өтті қатысушылар.