23/04/2026
#марапат
Педиатрия орталығы балалар денсаулығын дамытуға қосқан үлесі үшін халықаралық деңгейдегі марапатқа ие болды
________________________________
Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) аясында «Әрбір баланың денсаулығы мен игілігі: балалар денсаулығын қорғаудың заманауи стратегиялары» атты халықаралық конференция өтті. Шара Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау министрліктерінің басшыларын, денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері мен халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жетекші сарапшыларын біріктірді.
Конференция барысында балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және нығайту жолында ерен еңбек етіп жатқан бірқатар медициналық мекемелер ДДСҰ халықаралық жоғары наградаларымен марапатталды.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы «Балалардың денсаулығын сақтау жүйесін нығайтуға – клиникалық қызмет, ғылым және кадр даярлау бағыттарында қосқан ерекше үлесі үшін» атты беделді марапатқа ие болды.
Марапатты Орталықтың Басқарма төрағасы Абай Құсайыновқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустың өзі табыстады.
Бұл жетістік орталықтың заманауи медицинаны дамыту, инновациялық әдіс-тәсілдерді енгізу және балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын көрсетеді.
Жиында балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамыту, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру және салааралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Конференция балалар денсаулығын сақтау саласында тәжірибе алмасу мен елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды халықаралық алаңына айналды.
#конференция
#АбайҚұсайынов
#балаларсаулығы