06/01/2026
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Жанна Асанова Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығына келді. Орталық директоры Сапар Рахменшеев науқастарды емдеу , сауықтыру , еңбек терапиясы бойынша атқарылған жұмыстарымен таныстырды.
Депутаттар ақыл-есінің кемістігі және басқа да психикалық кеселмен ауыратын науқастарды еңбекке баулитын баспахана, тігін цехын , қатырма қағаздан түрлі бұйым жасау, бау-бақшаны , сонымен бірге әйгілі «Қысқы бақты» аралады.
Былтыр орталықта емделушілер жүзге жуық ағаш егіп, медициналық қызметкерлерге, нәрестелерге, әйелдерге арналған киімдер, төсек жиынтықтарын, сөмкелер тікті. Бұған қоса балалар бөлімшесінде арт терапия, құммен сурет салу , театр өнері дамыған.
Сапар Рахменшеев сенаторларға еңбек терапиясында емделушілердің маңдай тер, өз қолымен жасаған заттарды, бұйымдарды көрсетті.
Алып шаһарда психикалық ауытқушылық дертіне шалдыққан 12800 тұрғын, сонымен бірге 3180 бала динамикалық бақылауға алынған. Орталық басшысының айтуынша былтыр динамикалық бақылау тізімінде 2871 кәмелет жасқа толмағандар болса, биыл кішкентай науқастардың саны 9,7 % көбейген.
Сенаторлар психикалық денсаулық сақтау саласындағы озық тәжірибелерді енгізіп, халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отырған мамандарға сәттілік тіледі.