23/11/2025
Тыныш отырмайтын енелер де бар… Адам сыртқа өз ішкі әлемінде не бар – соны шығарады.
Тамаққа түкіріп, қақырынып, дастарханды шашып-төгіп, содан соң бәрін келіні істегендей қылып, әдейі видеоға түсіріп, келіннің әкесіне жіберіп масқараламақ. Эмоциясын шығарып алып, немересіне ән айтып мәз.
Өйткені ішіндегі уақытша бір «жара» ашылып, сыртқа шығып жеңілдегендей болды. Психика дәл осылайша өзінше сауығуға талпынады. Ішінде соншалықты ауыр күй бар – өзі өмір сүре алмай, өзгеге де тыныштық бермейді деген қазақтың сөзі бекер емес.
Ал анасының етегінен шыға алмаған ұлы бұл мазаң дүниені тоқтатуға қауқарсыз. Тіпті шешесінің сөзін сөйлеп, соның жағында. Өйткені ол кінә мен борыш сезімімен өскен, жаны жаралы, травмадан туған когнитивтік бұрмалануы бар – шынайы жағдайды көре алмайды.
«Анам дұрыс – дұрыс, бұрыс болса да дұрыс!» дейтін типтегі жігіттердің қатарынан.
Ал келін шыдап, жылап жүр. Себебі әзірге басқаша таңдау жоқ, өзін қолдауға күш жоқ, ата-анасы да демеу бола алмай отыр.
Бұл – қатал, ішкі жарасы жазылмаған, ескі салтқа шырмалған ата-аналардың тәрбиесінен шыққан балалар. Олар үшін ажырасу – масқара, ал басқа жолды таңдау – өліммен тең.
Бірақ… күні бойы жаныңды жеп, жеке тұлғалығыңды жоя бастайтын ортада өмір сүру – өзі бір баяу өлім емес пе?..
Мен бұл видеода бірде-бір ересек позицияда тұрған бақытты адамды көрмедім.
Бұл оқиғада бәрі де – ене, ұл, келін, балалар – бақытсыз.
Осындай отбасында қалай өмір сүріп, қалай сау, дені дұрыс ұрпақ тәрбиелеуге болады?!
Уа, ата-ана! Балаларыңыздың осылай өмір сүргенін қаламасаңыздар – жаңаны үйреніңіздер, ескі сценарийді үзіңіздер, жаңасын жасаңыздар! Балалар сізден үйренеді – қалай өмір сүруді, қалай таңдау жасауды, қалай бақытты болуды.
Ішкі жағдай өзгерсе – сыртқы өмір де өзгереді.
Сырттан кінә іздеуді доғарыңыз.
Алдымен өз ішкі күйіңізді түзеңіз. #отбасыпсихологиясы
#психологқазақстан
#қазаққызыенекелін