04/04/2026
Меркі ауданында «Бүгінгі жасөспірімдерді тәрбиелеудегі өзекті мәселелер және оны шешу жолдары» тақырыбында аудандық семинар-кеңес өткізілді. Аталған іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылау, олардың алдын алу жолдарын қарастыру және мекемеаралық ынтымақтастықты нығайту.
Семинар барысында Меркі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Қазанғапова Гульнур Қалдыбекқызы «Жасөспірім қыздардың репродуктивті денсаулығы. Ерте жүктіліктің алдын алу шаралары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндаманың мақсаты – жасөспірім қыздардың репродуктивті денсаулығын сақтау, ерте жүктіліктің алдын алу жолдарын түсіндіру, денсаулыққа қауіп факторлары туралы ақпарат беру және жауапты мінез-құлық қалыптастыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.
Семинар-кеңеске Меркі ауданы әкімінің орынбасары М.А.Өмірбек, Жамбыл облысы балалардың құқықтарын қорғау уәкілі Д.О.Бағжанов, Жамбыл облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері А.Даулет, облыстық психологиялық қолдау орталығының психологтары Р.Бейсенбаева мен Ж.Шерметова, сондай-ақ аудандық білім бөлімі қызметкерлері, мектеп басшылары, мектеп медбикелері, құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасарлар, педагог-психологтар және әлеуметтік педагогтер қатысты.
Іс-шара барысында жасөспірімдер арасындағы өзекті әлеуметтік-педагогикалық мәселелер талқыланып, олардың алдын алу бағытында нақты ұсыныстар берілді. Семинар-кеңес қатысушылары тәжірибе алмасып, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру қажеттігін атап өтті.